«KMG EP-Catering» ЖШС мерейтойында қызметкерлер марапатталды
2026 жылдың 20 қазаны күні «Мұнайшы» мәдениет үйінде өткен мерекелік іс-шара барысында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, кәсіби біліктілігімен және жауапкершілігімен ерекшеленген бірқатар қызметкерге салалық және корпоративтік марапаттар, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.
Еңбек адамына құрмет көрсету – кез келген ұжымның қалыптасқан дәстүрі әрі ортақ құндылығы. «KMG EP-Catering» ЖШС-нің 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Серіктестіктің дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлерді марапаттау рәсімі осы құрметтің жарқын көрінісіне айналды.
Марапаттау рәсімі – қызметкерлердің еңбегін бағалап қана қоймай, олардың Серіктестіктің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін айшықтайтын маңызды сәт. Әрбір жетістік пен ортақ нәтиженің артында өз ісіне берілген, міндетіне жауапкершілікпен қарайтын еңбек адамдарының қажырлы еңбегі жатыр.
Салтанатты жиынға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Ғалымұлы Хасенов, Жаңаөзен қаласының әкімі Сымбат Қуанышұлы Төретаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес компанияларының басшылары, құрметті қонақтар, Серіктестіктің ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахна төрінде шырқалған әсем әндер мен өнер көрсетілімдері мерейтойдың сәнін келтіріп, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.